Атыраулықтарды алдап жүрген алаяқ зейнеткер болып шықты

Қаржы пирамидасын құрушы 3 жылға бас бостандығынан шектетілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласының №2 сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қаржылық пирамиданы құрып және оған басшылық еткені үшін айыпталған (ҚК-тің 217-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) азаматшаға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы адамдар тобының (қылмыстық істің іс жүргізуі бөлектетілген тұлғамен) алдын ала сөз байласуымен қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құрған. Сотталушы салымшыларды тарту мақсатында кеңсені жалға алып, онда күн сайын үгіт - насихат жүргізіп, жарнамалық баннерлер ілген. Осылайша, кәсіпкерлікке қаражат тартпай, басқалардың жарналары есебінен кейбір қатысушыларды байыту жолымен осы активтерді тартудан мүліктік пайда алу бойынша қызметті ұйымдастырып, басқарған. Сотталушының қылмыстық әрекетінің нәтижесінде бес жәбірленушіге 4 млн теңгеден астам шығын келтірілді.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленушілермен татуласуына байланысты өзін қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. ҚК-тің 217-бабының 2-бөлігінің 1-тармағының санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жаза көзделген. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде зейнеткерлік жасы, жәбірленушілерге келтірілген залалды өз еркімен толықтай өтеуі танылды, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сотталушы ҚК-тің 217-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, оған белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com