14 Қыркүйек, 2023 622

Атыраулықтар сасық иістен қашан құтылатыны белгілі болды


Атырау қаласындағы «Тухлая Балка» буландыру алаңын тазалау жұмыстары қазан айында аяқталмақ, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласында «Тухлая Балка» ағынды суының булану алаңын тазалау жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар осы жылдың басында басталған. Бұл туралы «Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-нің Инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бөлімінің басшысы Динара Қуанышева мәлім етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

- Жалпы тазалау жұмыстары биыл жыл басында басталды. №1 бөліктен жалпы көлемі 14446 текше метр болатын лас шөгінді тұнбаларды алып, тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса бір дана «Water Master» құрылғысы орнатылуда. Сонымен қатар аумағы 258252 шаршы метрді құрайтын алаңды тегістеп, оларға көпжылдық шөптер егілуде. Бөгеттерге жалпы көлемі 2981 текше метр қиыршықты тасты қоспа төгіп, оларды тегістеп нығыздау жұмыстары жүргізіледі, - деді Д.Қуанышева.

Оның айтуынша, аталған жұмыстар 2021 жылы басталған.

- Мердігер мекемемен арада 2021 жылғы өндірістік жұмыстардың тізбесі бекітіліп, бекітілген кестеге сай жұмыстар атқарылды. Тазартылатын 5 бөлікке 60 мың текше метр топырақ төгіліп, нәтижесінде жалпы аумағы 34243 шаршы метрді құрайтын аумаққа қорғаныш бөгеттері тұрғызылды. Коагулянттарды дайындау және мөлшерлеу стансасы алаңы үшін 14619 текше метр топырақ төгіліп, арнайы алаң дайындалды. Сондай-ақ тазартылатын 5 бөліктен жалпы көлемі 120758 текше метр болатын лас шөгінді тұнбалар алынып, тазартылды. Жалпы аумағы 186 250 шаршы метрді құрайтын аумақ қамыстардан тазартылды. Сонымен қатар өткен жылдың қорытындысымен булану алаңының тазартылатын 5 бөлігінен жалпы алғанда 355 476 текше метрді құрайтын лас шөгінді тұнбалар алынып, тазарту жұмыстары жүргізілді, - деді Д.Қуанышева.

Айта кетейік, «Тухлая Балка» буландыру алаңы Атырау қаласының сол жақ жағалау бөлігінде, қаладан 1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. 2021-2023 жылдар аралығында аталған жұмыстарды іске асыратын мердігер мекемені анықтау мақсатында ашық электронды конкурсқа тапсырыс беріліп, конкурс қорытындысы нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме «Павлодарский речной порт» ЖШС-мен 2021 жылғы 15-шілдеде келісімшартқа отырған.