Атыраулықтар неге сусыз қалды?

Бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылдың 9 желтоқсанында шамамен сағат 23:30-да «Атырау облысы Су Арнасы» КМК ұзаққа созылған аязға және Жайық өзенінің жылдамдығының төмендеуіне байланысты Атырау қаласының Су тазарту кешеніне су беруді тоқтатты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Ағымдағы жылдың 10 желтоқсаны таңғы сағат 4:30-да қала желілеріне су берілді (төмен қысымда, төтенше жағдайларды болдырмау үшін). Бұл ретте «Атырау-Мақат» магистральдық құбыры бағытында, оның ішінде «Береке» ықшам аудандарында (тоғыз қабатты үйлер), Көктем, Жұлдыз-3, Теңдік, Ақсай 1, Ақсай 2 шағын аудандарында техникалық себептерге байланысты су жіберілмеді" делінген хабарламада.

Айта кетейік, «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесіне қарасты «Шауш» су тазарту қондырғысының сорғы стансаларын мұз кептелісін жою және құбырларды тазалау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар қызметінің күштері жұмылдырылды. Алайда, төтенше жағдай ережесіне сәйкес, түнгі уақытта тазалау және басқа да су тиеу жұмыстары жүргізілмейді. Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері таңғы сағат 8:00-де тазалау жұмыстарын бастады. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен осы деректің мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды.