Атыраулықтар "үй сатамын" деген алаяққа алданған

Атырауда үй сатамын деген алаяқ тұрғынның 500 мың теңгесін қалтасына басқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атыраулық ерлі-зайыптылар баспана сатып алу мақсатында сайттағы жарнама арқылы хабарласып алаяққа алданған. Интернетке қолжетімді баға ұсынып үйімді шұғыл сатамын деп жалған хабарлама жариялаған алаяқ ерлі-зайыптыларға үйді өзгелерге сатып жібермеуі үшін кепілдікке 500 мың теңге сұраған. Ақшаны аударған жәбірленушілер жоқ үйге ақша аударып сан соғып қалғанын түсінген соң полицейлерге хабарлаған.

Осылай интернет-алаяқтық әрекетіне барған күдіктіні атыраулық полицейлер Ақтау қаласынан анықтап, ұстады. Алаяқ ақша аударымдары арқылы түрлі банк есепшоттарын пайдаланып ізін суытпақ болған. Анықтау барысында күдіктінің өзге де интернет-алаяқтық қылмыстарына қатысы бар екендігі белгілі болды.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде қалтасы қағылып қаражатынан айырылған жәбірленуші ақшасын кері қайтарып алуға ықпал еткен полицейлерге алғыс айтып, өзге тұрғындарға алаяқтардан сақ болу керектігін айтты.

Фото: gobalakovo.ru