Атыраулықтар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне көп шағымданады

Төрт өңірдің дәрігерлеріне тұрғындардан шағым көп түседі. Олардың қатарында Атырау облысының халқы  да бар, деп хабарлайды AtyrauPress ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді атады.

«Бірінші - медициналық көмектің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл мәселелер бойынша халықтан шағымдардың ең көп саны Астана, Алматы қалаларына, Ақмола, Атырау облыстарына тиесілі екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3,3 млн халық сақтандырылмаған күйінде қалып отыр. Ең көп саны Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында байқалады», - деді министр.

Екіншіден, оның атап өтуінше, медициналық кадрларға деген қажеттілік төмендеуіне қарамастан әлі де сақталуда. Бұл көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында басым.

«Үшінші – медициналық объектілердің инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз. Бүгінде 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық объектілер жоқ. Ғимараттардың тозуы 56, медициналық техникамен жарақтандыру 50 пайызды құрайды», - деді Ажар Ғиният.

Фото: pixabay.com