Атыраулықтар дипломмен ауылға емес, «вахтаға» барғанды қалай ма?

Соңғы кезде отандық кәсіпорындарда маман жетіспеушілігі жиі байқалып жүр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл мәселе Атырауды да айналып өткен жоқ. Жергілікті жастардың дені дипломмен ауылға емес, еден жуушы болса да «вахтаға» барғысы келеді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мəмбетов берген мәліметке сенсек, бүгінде өңірдегі жұмыссыздар саны 9,8 мың адамды құрап отыр екен.

Ал, облыстық кəсіподақтар бірлестігі «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Серік Қадыров қоғамда ерікті түрде білім алу мен еңбек етуден бас тартатын жастар да барын айтады. Олар «NEET» тобына кіреді және көп бөлігі ауылда, үй шаруасында жүр.

«Жарықтың жылдамдығымен дамып келе жатқан қоғамға ілесе алмай, көштен кейін қалып қойған жастар өздерін керексіз сезініп, тіпті, кейде суицидке дейін барып жатады. Расымен де, еңбек нарығынан өз орнын таба алмаған адамның көңіл-күйі дұрыс болмайды» дейді ол.

Айта кетейік, облыста «2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларымен 35,7 мыңнан астам адам қамтылып, 9348-і тұрақты жəне 5799-ы бюджет есебінен қаржыландырылатын уақытша жұмыс орындарына жолданады. Əлеуметтік жұмыс орындарына 357, қоғамдық жұмыстарға 3059, жастар практикасына 1 490, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 259, «Күміс жас» жобасына 600 жəне «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 18 жасты орналастыру, былтыр мүгедектігі бар адамдар үшін құрылған арнайы жұмыс орындарын қосқанда 16 адамның жалақысын ішінара субсидиялау көзделіп отыр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фотосуретті түсірген автор