Атыраулықтар арақ ішіп көлікке отыруға неге әуес?

Президент III Ұлттық құрылтайда атап өткен заң мен тәртіп – әділетті қоғам құрудың негізгі тірегінің бірі. Осы орайда өңірде 10-20 мамыр аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы заңға қайшы әрекетке «нөлдік төзімділік» қағидатын нығайтуға бағытталды. Көшеде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті тәртіптің сақталуын қадағалаған полиция қызметкерлері қырағылық танытты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Бұл туралы atr.kz мәлім етті.

– Біздің мақсатымыз – құқықтық тәртіпті сақтау, заңбұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар көпшілік күн сайын кездесетін қиындықтардың алдын алу, қоғамда сенімді қарым-қатынас орнату. Аталған іс-шара кезінде 6021 әкімшілік-құқық бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, 107 адам алкогольдік ішімдік ішкен күйінде қоғамдық орындарда болса, 60 адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер жасады. Ал, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болған 109 дерек белгілі болды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиев.

Сондай-ақ жол қозғалысы бойынша 4046 дерек анықталды. Оның ішінде 6 адам «ащы суға» тойып алып көлік басқарған. Мысалы, 13 мамыр күні таңертең қаладағы Владимирский көшесінің бойында келе жатқан «Mersedes»-тің жүрісі полицейлерге күмәнді көрінеді. Дереу көлікті тоқтатып,  жүргізушіні медициналық сараптамаға апарғанда, оның мас екендігі анықталған. Бүгінде оған қатысты 608-бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданып отыр. Ал, автокөлік арнайы автотұраққа қойылды. Айта кетейік, 2891 жылдамдықты шамадан тыс асыру дерегін анықтаған автоматтандырылған «Кибер-шериф» тиімділігі жоғары екендігін көрсетті.

Фото: ru.freepik.com