«Күшіміз бірлікте» акциясы аясында атыраулық еріктілер Ақтөбе облысында тасқын судан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберді. Азық-түлік пен киім-кешек тиелген 3 жүк көлігі Ақтөбеге бүгін кешке дейін жетеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Еріктілер, белсенді жастар, кәсіпкерлер азық-түлік, ауыз су, матрацтар, кілемдер, көрпелер мен жастықтар, киім, аяқ киім және басқа да қажетті заттарды жинады. Газельдер судан зардап шегіп отырған көрші аймақтың аудандарына жеткізіледі. Бүгін таңертең Ақтөбе облысына гуманитарлық көмекпен жүк көліктері жолға шықты.
- 3 күн ішінде біз 8 тонна азық-түлік пен заттарды жинай алдық. Облыс тұрғындарынан басқа, шағын бизнес кәсіпкерлері, ірі бизнесмендер үлкен көмек көрсетті. Сонымен қатар, бізге 100-ден астам еріктілер қосылды. Олар тәулігіне 24 сағат заттарды қабылдап, сұрыптап және жүктерді жинады. Біз барлық қажетті деген заттарды қосуға тырыстық, - деді Атырау жастар ресурстық орталығының директоры Мансия Сағидоллаева.
8 сағаттан кейін жүк Ақтөбе қаласының Жастар ресурстық орталығының мамандарына беріледі. Олар өз кезегінде су тасқынынан зардап шеккендерге барлық заттарды таратады.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: AtyrauPress