Атыраулық тұрғынға 20 мың теңгеге укроп сатып жіберген

Қаладағы супермаркеттердің бірінде атыраулық әйел 20 мың теңгеге аскөк (укроп) сатып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Сөйтсе, кассадағылар оған бір аскөктің орнына жаңылысып 123-ін есептеп жіберген екен. Мұны әйелдің өзі төлем жасап болған соң ғана байқапты.

Әңгіменің әлқиссасына оралсақ, 13 қаңтарда барлық «Лидер» супермакеттер желісінде жеңілдіктер жарияланып, жергілікті тұрғындар мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысқан. Бірақ, олардың бірі жеңілдікке емес, қып-қызыл шығынға тап болған. Оған сатушы байқамай бір аскөктің орнына құны 25 125 теңге тұратын 123 данасын сатып жіберген екен. Сөйтіп, әлгі аскөк жеңілдікпен 20 172 теңгеге шыққан. Әйтеуір, артық төленген ақша кері қайтарылыпты.  

Ал, жалпы, мамандардың айтуынша, бұл кассирдің байқаусыздығынан орын алған жайт және артық сома иесіне кері төленіп отыр. Ал, егер қаражат қайтарылмаса, дүкенге айыппұл салынар еді.

– Егер заң бұзылған жағдайда, ел Кодексінің 190-бап, 1-бөлігі бойынша жеке тұлғалар 36 920, шағын кәсіпкерлер 73 840, орта бизнес иелері 110 760 және одан ірілері 184 600 теңге айыппұл арқалайды. Мұндайда тұтынушы полицияға арыздана алады. Жалпы, артық ақшаның төленіп қоюымен бірге, тауардағы бағаның кассамен сәйкес келмеуі, сауданың теңгеден басқа валютамен жасалуы және т.б. жайттар заңбұзушылыққа жатады, - дейді облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәбит Сүлейменов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com