Мақат ауданындағы Б.Қанатбаев атындағы орта мектепті "Алтын белгімен" аяқтап отырған Амина Темірболатқызы ҰБТ-дан 133 бал жинап, білім көкжиегінде Атыраудың атын аспандатты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Бұл – үлкен олжа. Шәкіртіміз ұстаздары мен қатарластары артқан сенімнен асып түсті. Мақтаныш! Мектеп мерейі өсе түсті. Амина Темірболатқызы кешелі бері Абай елінде өтіп жатқан республикалық “Абай оқуларына” қатысуы керек-тұғын... Осы тестілеуге бола қалып қойған болатын. Тестілеу кедергі болмағанда, мүмкін республикалық кезеңнің де жүлдесін Атырауға әкелер ме еді, кім білсін?! Осыған да қанағат тұтты. Қалған жүлдені студенттік шаққа да қалсын деп алып қалған шығар, бәлкім. Ұзақ жылғы ата-анасы мен ұстаздары артқан сенім ақталды" деді аталған білім ұясының басшысы Азамат Дәулетқалиев.
Сондай-ақ, осы мектепті “Алтын белгі” төсбелгісімен аяқтап отырған тағы бір шәкірт Әсемгүл Қуанышбекқызы да ҰБТ сынығынан 118 балл жинап отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ