Атыраулық спортшылар әлем чемпионатында топ жарды

Грекияның Ириклион қаласында джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында атыраулық спортшылар ел қоржынына үш күміс, бір қола медаль салды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Жастар мен жасөспірімдер арасында өткен додаға әлемнің 68 елінен 2500 спортшы қатысты. 

-    Қазақстан құрамасында Атырау облысынан 11 спортшы болды.  Олардың арасынан Болашақ Сүйекенов, Нұрдәулет Бадел, Ерасыл Самиғолла күміс медаль иеленсе, Алғазы Дарын қола медаль қанжығалады. Бұл жеңіс спортшылардың еңбегі мен талпынысының нәтижесі. Алға қойған мақсатымыз 2025 жылға тыңғылықты дайындалу, Азия, әлем чемпионатында үлкен жетістіктерге жету, - деді облыстық джиу-джитсу федерациясының жастар мен жасөспірімдер аға-жаттықтырушысы Қазболат Сатыбалдиев.

Айта кетейік, ұлттық құрама сапындағы спортшылар елдің қоржынын 29 алтын, 25 күміс және 14 қола медальмен толтырды.