Атыраулық шенеунік пара алды деген күдікке ілінді

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов "Олимпиадалық резерв орталығы" мекемесінің жаттықтырушыларынан 1 млн 200 мың теңге көлемінде пара алды деп күдіктілуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі тергеуде. Лауазымды тұлға ведомстволық бағынысты ұйымнан спортшыларға оқу-жаттығу жиындарынан өтуге бөлінген қаражаттан 1,2 млн теңге сомасында пара алу бойынша күдікті. Тергеу жалғасуда" дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі Арман Тлеукенов.  

Айта кетейік, Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (иллюстратив)