Атыраулық полицейлер көлік жүргізушілерінің ұсынысымен Telegram желісінде жұмыс чатын ашты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Азаматтық патруль - әлеуметтік желіде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі азаматтық бастамаларға негізделген арнайы чат жұмысы жүргізіледі. Мақсат - жол қозғалысындағы қауіпсіздік үшін жолдағы тәртіпті күшейту. Telegram желісі үнемі полицейлердің бақылауында болады. Мұнда жол қозғалысына қатысты орын алған кез-келген заң бұзушылық назардан тыс қалмайды, заң аясында шарасы қолданылады. Тіркелушілерден жол ережесін бұзған деректің фото-бейне жазбасы мен ақпараттары болса жеткілікті.
- Жолаушылар тасымалымен айналысатын бірнеше автопарктер мен такси жүргізушілерімен, сондай-ақ, ірі мекеменің көлік жүргізушілерінің талап-тілектерін тыңдадық. Тасжолдарда ірі жүк көліктерінің жүргізушілері басып озу қағидасын бұзатын, авариялық жағдай туғызатын деректердің кездесетінін айтып отыр. Міне, сондай деректердің фото-бейне жазбасын Telegram чатқа жолдап отырса, дереу шарасын қолданамыз. Telegram чаттарда анонимді таратуға болады деген ұсынысты да қаперге алып осындай шешімге келіп отырмыз - деді, Атырау облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев.