Атыраулық полицейлер айыппұл төлеуден жалтарған мыңнан астам жүргізушіні анықтады

Атырау қаласының тәртіп сақшылары «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» іс-шарасы аясында айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтауда, деп хабарлайды AtyrauPress.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Атырау қаласының аумағында жол ережесін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешен бар. Оның көмегімен шет мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарының әкімшілік құқық бұзушылықтары тіркеліп, тиісті міндетті сақтандыру полисі болмағандықтан «Анықталмаған санатында», яғни, бағыттамада тұрады.

«Аталған көлік құралдары тарапынан жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарды өндіру мақсатында «Қорғау» аппараттық жүйесінің көмегімен бүгінгі күнге дейін 1186 көлік құралы анықталып, арнаулы тұраққа қойылды. Атап айтқанда, 396 мың тенге көлеміндегі 15 айыппұлмен Ресей Федерациясына тіркелген Largus автокөлігі, 12 айыппұлмен 224 мың теңге Toyota Alphard автокөліктері анықталып, әкімшілік айыппұлдары мемлекет пайдасына өндірілді», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабына 2023 жылы 29 маусымда өзгеріс енгізіліп, Ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралын тоқтатуға 8 негізгі себептеріне қосымша 1 негізгі себеп қосылып, шет мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарының құжаттарын тексеруге құқылы екендігін хабарлаймыз.

«Осыған байланысты, жол жүрісі қауіпсіздігін сақтау мақсатында міндетті сақтандыру полисін жасап, құқық бұзушылық жасамауға шақырамыз!», - деп ескертілген хабарламада.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА