Атырауға арнайы бағдарлама бойынша келген педагогтерге пәтер кілттері табысталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Күні бүгін Атырауға бағдарлама аясында бастауыш сынып, тарих, математика, физика пәнінен сабақ беретін 10 мұғалім келді. Кеше олардың бірқатарына облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков пәтер кілттерін табыс етті.
Жаңа пәтерге ие болған Гүлжан Боранбаеваның 20 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті педагог. Ол осыған дейін Батыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялық мектеп-лицейінде еңбек еткен. Қазір Атырау қаласындағы №31-ші гимназияда математика пәнінен дәріс береді.
Ержан Егінбаев пен оның жолдасы - ұстаздар. Олар да мұнайлы өлкеге Батыс Қазақстан облысынан келген. Баспаналы болған отбасылар жас мамандарға көрсетіліп отырған қолдауға алғысын жаудырды.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтың айтуынша, 15 желтоқсанға дейін тағы төрт ұстазға пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр.
Арнайы бағдарлама елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға бағытталған.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, мұғалімдерді бос лауазымдарға тарту үшін облыстық білім басқармалары жанынан Үйлестіру кеңестері, сондай-ақ министрлік жанынан Конкурс комиссиясы құрылды. Бос жұмыс орындарына орналасу үшін үміткерлер эссе жазып, тестілеуден, әңгімелесуден өтті.
«Үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені қарастырылған. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 150% мөлшерінде ынталандыру төлемдері, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығынын өтеу белгіленген», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Эльмира Мықтыбаева
Фотоны баспасөз қызметі ұсынды