Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша өткен чемпионат өз мәресіне жетіп, Атырау облысының пара волейболшылары бірінші орынды қанжығалады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Чемпионатқа атыраулықтардан бөлек сегіз команда қатысты. Онда Қызылорда қаласынан, Қытай, Сауд Арабиясы және Аустралия елінен келген командалар да бақ сынасты.
- Біздің команда өз тобында Сауд Арабиясы мен Қытайдың екі клубын 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға бірінші орынмен шықты. Жартылай финалда «Қызылордадан» дәл сондай есеппен басым түсті, Ал финалда қытайлық Zhe Jiang клубымен өткен ойын өте тартысты болды. Атыраулықтар 3:2 есебімен жеңісті қолдан бермей, чемпиондық тұғырға көтерілді. Спортшыларымыз жарыс барысында өздерінің жоғары деңгейдегі шеберлігін, бірлігін және табандылығын көрсете алды, - деді жаттықтырушы Ернар Матеуов.
Команда капитаны Бауыржан Сартаевтың сөзінше, атыраулық топ аталған жарысқа бір ай дайындалған.
- Командада барлығы 13 адам ойнады. Біз үшін бұл жеңіс — қажырлы еңбек пен төзімділіктің нәтижесі. Қиын жаттығулар, тұрақты дайындық және командадағы әройыншының өз рөліне деген жауапкершілігі команданың жеңіске жетуіне мүмкіндік берді. Мен осы спорт түрімен 2011 жылдан бері шұғылданамын. Бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Жалпы команда 2002 жылы құрылып, қазірге дейін өз жұмысын жасап келеді.. Ендігі мақсат алда өтетін Қазақстан чемпионатында жеңіске жету, - деді Б.Сартаев.