Атыраулық оқушылар жоғары оқу орнының білім грантына ие болды

Атырауда жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларына арналған Халел Досмұхамедов атындағы облыстық олимпиада болып өтті, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Биология пәні бойынша ұйымдастырылған білім бәйгесіне облыс бойынша 28 оқушы қатысты. Жүлде алған оқушылар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің білім гранттарын иеленді. 

Құрманғазы ауданы, М.В.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушысы Аянат  Ғадылханова 1-орынды иеленіп, оқу орнының 100% білім грантын ұтып алса, осы ауданның  Шортанбай жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Эльвира Құрманғалиева мен Махамбет ауданы, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің оқушысы Дильназ Серікова 2-орынды иеленіп, университеттің  50% жеңілдікке мүмкіндік беретін грантын иеленді.

Ал 3-орынды жеңіп алып, 30% жеңілдікті Жылыой ауданы, №17 жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Азиза Дүйсен мен Жылыой ауданы, №16 Д.Жазықбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы Минада Жұман алды.