Атырау облыстық кардиологиялық орталығында 58 жастағы науқастың жүрегіне тегін ота жасалды, деп хабарлайды AtyrauPress «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Атырау облысы бойынша филиалы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кардиохирургтар Құрманғазы ауданының шалғай ауылынан келген науқасқа коронаграфиялық диагностика жүргізіп, кардиомиопатия диагнозын қойды. Мұнан соң оған шұғыл түрде жоғары технологиялық медициналық қызмет түріне жататын имплантацияланатын кардиовертер дефибрилляторы отасы жасалды. Мұндай күрделі операцияны кардиологиялық орталықтың хирург-аритмолог дәрігері Мәлік Сақипов жасады.
«Имплантацияланатын кардиовертер дефибрилляторы өмірге қауіп төндіретін аритмияларды жоюға және жүректің тоқтап қалуын болдырмауға арналған құрылғы. Қазіргі кезде тахикардияны тиімді емдеудің түрі дефибрилляция болып табылады. Дефибрилляция жүректің қалыпты жиырылуын қамтамасыз ету мақсатында жүректе электрлік разряд туындатады», - деді Мәлік Қайырұлы.
Күрделі ота МӘМС аясында жасалды. Оның құны - 8 млн 063 мың 624 тиын. Атырау облыстық кардиологиялық орталығы директорының міндетін атқарушы Сандуғаш Жұмағалиеваның айтуынша, биыл 10 айдың ішінде 118 науқасқа қымбат ота жасалынған.
«Бұдан бөлек, 67 науқасқа кардиохирургиялық ота жасалды. Осы жылдың 10 айында миокард инфарткісіне шалдыққан 559 науқастың тарылған тамырына стенд қойылып, жүрек жұмысы қалыпқа келтірілді. Әдетте мұндай оталар 1,5 млн теңгеден басталады. Мұның бәрі МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылды», - деді Сандуғаш Борисқызы.
Айта кетейік, әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен операциядан өткен пациенттер оңалтудан да өтуге мүмкіндіктері бар.
Эльмира Мықтыбаева