«TOMIRIS» жобасы қыз-келіншектердің елдің саяси өміріне белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, көшбасшылық әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Іс-шараның ашылу салтанатында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова сөз сөйлеп, жоба маңыздылығына тоқталды. Семинар-тренинг 13-17 тамыз аралығында әртүрлі республикалық спикерлердің қатысуымен өтеді.
Бағдарламаның 1-күнінде кәсіби психолог маман Бұлбұл Оқасқызы спикер ретінде келіп, «Әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту» және «Soft-skills икемді дағдыларын қалыптастыру» тақырыптары төңірегінде әңгіме өрбітті.
Іс-шара облыстық Ішкі саясат басқармасы мен Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен «Инфо Орталық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтуде.