Республика күні қарсаңында Астанада Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен республикалық форумда қайырымдылық саласына үлес қосқан ел азаматтары «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Марапат иелерінің қатарында Атырау облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы Индер аудандық Аналар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Ақжібек Сабырғалиева бар.
Кәсіпкер қоғамда мейірімділікті, гуманизм мен өзара риясыз көмек жасауды орнықтыру мен қазақстандықтардың, солардың ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайлары мен денсаулығына қамқорлықты күшейтуге бағытталған «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық акциясына белсенді қатысқан.
Айта кету керек, биыл акция аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы 250 мыңнан астам қазақстандыққа жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек және «Мектепке жол!» акциясы аясында балаларға оқу жылына дайындалуға 153 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетті.