Атыраулық кәсіпкер грант ұтып алып, кәсібін дөңгелетіп жатыр

Махамбет ауданында тұратын кәсіпкер Тоқтар Төлегенұлы Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпке бағыт» жобасы бойынша үш ай оқып, грант ұтып алды.

Бұрынғы 15-ші ауыл, қазіргі Еңбекші ауылының тұрғыны Тоқтар Төлегенұлы 1 млн 380 мың теңге гранттың иесі атанды. Бес жылдан бері бие ұстап, қымыз сатумен айналысып келе жатқан кәсіпкер үшін бұл керемет қолдау болды. Бұл ақшаға қымыз пісетін және күбі ыстайтын құрылғы, сондай-ақ бір бие сатып алды.

Бие сауып, қымыз пісудің қаншалықты машақаты көп жұмыс екенін онымен айналысқан адам ғана жақсы біледі. Ал оны кәсіпке айналдырып, үдесінен шыға білу де екінің бірінің қолынан келе бермес. Тоқтар Төлегенұлы дертке дауа, денеге күш беретін қымызбен аудан жұртшылығын қамтып отыр.

Кәсіпкер грант ұтып алып, қажетті құрал-сайманын алғалы бері жұмысы жеңілдеп, уақытын да үнемдей бастады.

«Мәселен, бұрын сауылған бие сүтін күбіге құйып, қолмен кемінде 3-4 мың пісу керек еді. Қымыз дайын болғанша 4 сағатқа жуық уақыт кететін. Ал автоматты түрде өзі пісіп беретін күбі механизмін алғалы бері бір сағат қана уақыт жұмсайтын болдым. Арасында басқа шаруаларымды тындырып аламын. Күбіні ыстамасаңыз, қымыздың дәмі келмейді. Әр күбіні ыстау да біраз уақытыңды алады. Сол үшін күбі ыстайтын пеш алдым», - дейді кәсіпкер.

Қазір Тоқтардың қорасында 4 бие бар. Дертіне шипа іздеген ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша саумал мен қымыз ұсынып отыр. Алдағы уақытта бие санын 10-ға жеткізіп, кәсібін дамытқысы келеді.

«Бес жылдан бері осы кәсібімді нәсібім деп қиындықтарына шыдап келем. Бірақ төзімділік танытып, дамытқаным жөн. Мал бағудың қиындығы жетіп артылады. Біреуін екеу етемін деп жүргенде өледі не жоғалады. Малдың тұрған жерін таза ұстағанды жөн көрем. Жылқы онсыз да таза мал ғой. Биелерге сүті құнарлы болсын деп, арпа, қара бидай мен кебек, жоңышқа береміз. Негізі, жемді әр сауған сайын беру керек. Ал қалған уақытта далада жайылады. Жем-шөптің бағасы қымбат, айналада мал жайылатын жерлер жылдан жылға қоршалуда. Осы жағы қиындау боп тұр», - дейді Тоқтар.

Тоқтар Төлегенұлының бұл кәсіпті дөңгелетуіне жан жары Мөлдір Сисенова да қолдау көрсетіп отыр. «Саусақ бірікпесе, ине ілікпейді» деген олар бір-біріне демеу болып келеді.  Ерлі-зайыптылар дайындаған қымызға Атырау, Құлсары, Ақтау қалаларынан тапсырыс келеді. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Құрманғазы ауданының тұрғындары да махамбеттік қымызды іздейді. Тұрақты клиенттері де қалыптасқан. Көбінде той, құдалықтарға 50 литрлеп алатындар. Мұндайда литрін 1200 теңгеден берсе, ал бұдан азырақ алатындарға 1500 теңгеден сатады. Саудасы жақсы жүрсін деп әлеуметтік желідегі парақшаларында жарнамалайды. Базар, дүкендерге өткізбейді. Тек өзінен ғана алуға болады. Өйткені абырой үшін еңбектенетін оның су қосып, дәмін кетіре ме деген күмәні басым.

Кәсіпкер жан-жары екеуі бие ғана емес, сиыр сауып, оның өнімдерін саудалауды жолға қойған. Айран, сүттен бөлек құрт, қаймақ жасап саудаға шығарады.

Тоқтар Төлегенұлы алдағы уақытта балаларға  салт-дәстүрді насихаттайтын этноауыл ашқысы келеді. Балалар үйде телефонға телмірмей, алтыбақан теуіп, садақ атып және асық ойнаса деген мақсаты бар.

Айта кетейік, Атырау облысында «Кәсіпке бағыт» жобасы бойынша 57 адам білім алып, оның бірқатары кәсіптерін бастады.

Эльмира Мықтыбаева