Атырау облыстық жедел-жәрдем станциясының фельдшерлері Құрманғазы ауданы Хиуаз ауылының тұрғынын үй жағдайында босандырып алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Шұғыл шақыру орнына 47-ші бригада фельдшері Руслан Мұсағалиев пен қосалқы фельдшер Альбина Камиева барған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Белгілі болғандай, әйелдің жүктілігі 38-39 апта. Бесінші рет құрсақ көтерген келіншек бастапқыда толғақтың күшейгенін күтіп, ауруханаға асықпаған. Кейін толғағы жиілеп, қатты ауырсынған соң жедел-жәрдем шақыртқан. Қуанышқа орай, фельдшерлік бригада шақырту түскен аумақта жүріп, жүкті келіншекке 6-7 минутта жеткен. Олар әйелдің жатыр мойны ашылғанын байқап, үйден босандырып алуға мәжбүр болған
- Біз уақыт жоғалтпастан бірден босандыруға кірістік. Босандыру процесі қауіпсіз атқарылды. Дүниеге ұл келді. Жалпы босандыру тәжірибиемізде бар. Бірақ соған қарамастан, болашақ аналарда күтпеген жағдайларды болдырмау үшін пациент «103» қызметіне мүмкіндігінше ертерек хабарлауына кеңес беремін. Олар жергілікті учаскелік дәрігерлердің тұрақты бақылауында болуы қажет. Алыс сапарға шыққанда да мейлінше дәрігеріне ескерткен жөн. Өйткені ана мен баланың саулығына қашан да атүсті қарауға болмайды, – дейді Р.Мұсағалиев.
103 қызметкерлері әйелді аман-есен босандырып, Құрманғазы аудандық ауруханасына жеткізді. Қазір жаңа босанған әйел мен оның сәбиінің жағдайы жақсы.