Атыраулық еріктілер 22 отбасына баспана алып берді

Соңғы үш жылда 22 отбасына баспана қуанышын сыйлаған еріктілер алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Негізінен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп жүрген "ASAR UME" қайырымдылық қорының Атыраудағы еріктілері енді мұқтаж шаңырақтардың балаларын кәсіптік даярлауды да қолға алып отыр.

Дамир Амангелдиев 4 жылдан бері волонтер болып жүр.

    "Шын мұқтаждардың алғысын естіген уақытта халыққа қызмет етудің шынайы рахатын сезінемін. Ерікті болу - үлкен жауапкершілік" дейді "Asar Ume" қорының Атырау облысы бойынша өкілі Дамир Амангелдиев.

Маңайына жиырма шақты ерікті жасты біріктірген Дамир баспанадан бөлек, мұқтаж отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек апарып, қаржылай көмек беріп жүр.

Арасында "Шаңырақ" балалар ауылы мен оңалту орталықтарында көптеген іс-шаралар ұйымдастырады.

    "Енді біз баспана сыйлаумен шектелмей, әлеуметтік жағынан осал жанұялардың балаларын жан-жақты дамытып, оқуына жағдай жасаймыз. Бизнеске икемдеп, кәсіп ашуына көмектесеміз. Қордың "Өркендеу" бағыты бойынша шын мұқтаж отбасылардан 80 баланы қаржы, психология бойынша оқытуды бастадық" деді Дамир.