Атыраулық энергетик «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды

«Атырау Жарық» АҚ Атырау қалалық электр желілерінің «Жоғары кернеулі электр жүйелері» учаскесінің электр монтері Мұрат Жақсығалиевке Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденін табыстады, деп хабарлайды AtyrauPress. 

25 қазан - Республика күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 44 адам марапатталды. Жоғары марапатқа ие болғандардың арасында әріптесіміз, атыраулық энергетик Мұрат Жақсығалиев те бар. Оған Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденін табыстады. 

Ол «Атырау Жарық» акционерлік қоғамының Атырау қалалық электр желісінде әуе желілерін жөндейтін 6-ншы разрядты электромонтер болып 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Еңбегі еленген Мұрат Жақсығалиев Үмбетәліұлы - жас буынның тәлімгері, ұжымның мақтанышы. 

Айта кетейік, "Еңбек Даңқы" орденімен өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да салалардың жұмыскерлері кәсіпорындардағы, мекемелердегі, ұйымдардағы жемісті еңбегі үшін, сондай-ақ тиісті салалардағы жоғары көрсеткіштері үшін наградталады.