Сот-медициналық сарапшысы мен қудалау органы арасында «процессуалды емес» байланыс болған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Айта кетейік, шілде айында басталған сот процесі іс-материалдарды зерттеу сатысына жетті. Бұл кезеңде бесеудің адвокаты Руслан Жакупов қайталама сараптама қорытындысын жарамсыз дәлелдеме ретінде тануды сұрады.
Еске сала кетейік, осыған дейінгі сот отырысында сарапшылар куә ретінде жауапталған еді. Сол уақытта, алғашқы сарапшының қорытындысы жәбірленушінің жауаптарына қарама-қайшы болғаны анықталды. Алайда, қудалау органы сот медициналық сараптамасын қайта тағайындаған. Ал, адвокат Жакупов айыптау тарапының бұл әрекеті негізсіз деп отыр.
- Алғашқы сараптама жәбірленушінің арызын жоққа шығарды. Ал, қудалу органы ол қорытындымен келіспей, ешқандай негіздеусіз, 11.02.2023 жылы қайталама сот медициналық сараптама тағайындаған. ҚР ҚПК-нің 287-бабы 4-бөліміне сәйкес, қайталама сараптама тағайындау туралы қаулыда алдыңғы сараптаманың нәтижелерімен келіспеу себептері келтірілуге тиіс. Біздің жағдайымызда қаулыда бірде-бір себеп көрсетілмеген, тек қайталама сараптама тағайындауды көздейтін ҚПК нормалары сөзбе сөз келтірілген, - деді Р.Жакупов.
Сонымен қатар, адвокат сотқа жолдаған өтінішхатында мынадай дәлелдемелер келтірген.
- 12.09.2023 күні куә ретінде жауапталған сарапшы М.С.Жонысов 11.02.2023 жылы, яғни сенбі күні Батыс Қазақстан облысы ССИ/сот сараптау институы/-да кезекшілікте болғанын, өзіне басшысы қоңырау шалып «Атыраудан сараптама өткізу үшін кісілер келетіндігін және соларға жылдам сараптама өткізіп беру қажет» деп айтқанын жасырмады. Және 1 сағаттан кейін Атыраудан прокуратура қызметкерлері бір адамды алып келгенін, қасында БҚО прокуратура қызметкері болғанын да айтып берді. Комиссиялық сараптама жасаған сарапшы ретінде жауапталған Ж.А.Жылқыбаев та әріптесінің бұл жауабын қуаттады. Біріншіден, БҚО ССИ-ның басшының м.а. А.Ишкеновамен қудалау органы арасында «процессуалды емес» байланыс орын алғанын, А.Ишкенова кезекші сарапшы М.С.Жонысовқа ешқандай келіп түскен құжатсыз, қаулы не басқа құжатты тіркеусіз, «тез арада сараптама жасап жіберу» туралы нұсқау бергенін дәлелдейді. Әрі қарай, кезекші сарапшы М.С.Жонысов тез арада, өздігінен комиссияның құрамын анықтап, Ж.А.Жылқыбаевты сарапшы ретінде тартып, 11.02.2023 жылы Р.Қуанышқалиевті қарап, зерттеуін жасап тастаған. Сөйтіп, БҚО ССИ сарапшыларымен №769 санды комиссиялық сараптама қорытындысы жасақталған, - делінген адвокаттың өтінішхатында
Бұдан бөлек, қорғау тарапының адвокаттары Аслан Жолболов пен Руслан Жакупов полицияларды тергеу ісі заңсыз басталғанын алға тартты. Олардың айтуынша, бұл іс бастапқыда арнайы прокурор Төлеуовтің өндірісінде болған. Алайда, арнайы прокурор Мұстафин өз өндірісіне қабылдаусыз тергеу әрекетін бастап кеткен.
Ал, сотталушы полицияның әйелі А.Сағынбаева телерналарға берген сұхбатында прокурор Мұстафин мен қайын ағасының арасында ашу-араздық барын айтқан еді.
- Осыдан бір жыл бұрын жолдасым Т.Мажитовтың туған ағасы ПД өзін-өзі басқару бөлімінің аға-тергеушісі Ж.Дүйсеғалиев Мұстафиннің інісін /жиен інісі/ парамен ұстап, ісін Сотқа жолдайды. Сол кезден олардың арасында ашу-араздық пайда болған. Сондықтанда өшпенділікті осы әрекетпен қайтарғысы келді деген күмәнім бар. Себебі, арызданушының мәлімдесі үш күн Прокуратураға қонғаннан кейін өзгеріп кетіп отыр. Ал, Русланның үстінен ашылған қылмыстық іс қазіргі уақытта белгісіз себептермен тоқтап тұр, - делінген сұхбатында.