Ұялы телефонның сим-картасы 6 айлық қыздың тыныс алу жолына түсіп кеткен. Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы дәрігерлерінің шапшаңдығының арқасында сәби тірі қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Анасының қасында отырған балақай бірден жөтеле бастайды. Мұны көре сала анасы жедел жәрдем станциясына хабарласып, мән-жайды түсіндіреді. Диспетчер тез арада телефон байланысын дәрігер-кеңесшінің пультіне ауыстырады.
- Дәрігер-кеңесші Гүлнәз Қырықбаева баланың туыстарына алгоритм бойынша «қоңырауды ұстап тұру» әдісімен қадамдық іс-қимыл жасау жөнінде кеңес берді. Телефон арқылы алғашқы медициналық көмек көрсетуді айтып отырған кеңесші-дәрігердің арқасында баланың өміріне қауіп төнбеді. Дәрігердің нақты нұсқауы бойынша туыстары телефон арқылы бөгде затты өздері шығарып алды, - деді облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева.
Мұнан соң «103» бригадасы келіп, одан әрі медициналық көмек көрсетті.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: freepik.com