Атыраулық дәрігерлер көлікте жалғыз болған бір жасар баланы өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, оқиға 10 маусымда болған. Бұл туралы "Қазақпарат" жазды.
«Анасы көлікте 1 жасар баласын қалдырып кеткен. Көлікке қайта оралғанда, баласы ес-түссіз жатқанын көрген. Сол себептен, баласын жақын маңдағы перзентханаға апарған. Перзентханаға жедел жәрдем бригадасы жедел жетті. Медициналық тексеру кезінде баланың терісі қызарып, ісінгені анықталды. Дене қызуы 40 градустан асып, жүрек соғысы жиілеген. Қалтырау белгісі байқалған», - дейді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Абдрахманова.
Оның айтуынша, перзентхананың неонатолог-дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ал, жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері Ғали Зинуллаев пен Айгүл Бисенбиева реанимациялық іс-шараны жалғастырған.
«Бір жасар баланың өмірін сақтап қалу үшін қосымша педиатриялық бригада жіберілді. Педиатрияда халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдірілген жүрек-өкпе реанимациясының әдістерін қолдану мен кәсіби дағдыларды көрсетудің, үйлесімді ұжымдық жұмыстың нәтижесінде баланың өмірін сақтап қала алдық. Бірақ ата-аналарға балаларын аптап ыстықта көлікте қалдырудың қауіпті екенін ескерткіміз келеді», - деді Наргиз Абдрахманова.