Атыраулық балықшылар күзгі лимитті игере алмай қалуы мүмкін

Қазір балық аулау жоспарға сай жүргенімен, балық аз, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Балықшылар берілген лимиттің тек 10% игерген. Бұл туралы «Хабар 24» мәлім етті. Теңіздің табанын тереңдету жұмыстары жедел жүргізілмесе, балық аулау қиындайды, - дейді мамандар. Қазірдің өзінде ауланатын балық көлемі балықшылардың шығынын өтемейді. Таң ата Жайық бойымен теңізге аттанған балықшылар түс ауа бос қайтады. 2-3 жыл бұрын тонналап балық тапсыратындар енді тек 40 келідей әкеліп жүр. Су деңгейі төмендеп кетіп, қайықтар қайраңда қалып жатыр.

- 50 шақырымға барып келгендегі шығыныңды ақтамайды. Балық жоқ қазір. Енді алға қарай көрінбесе, қайдан білейін. Бұйырғанын көреміз. Теңіздің суы – 15-20 сантиметр, таяз. Теңіздің аузынан шығу да қиын, - дейді балықшы Сейілхан Жұмағазиев.

- Қайық өте алмайды, су тап-тайыз. Судың тартылып кетуіне байланысты балық жоқ, - дейді тағы бір балықшы Жасталап Құспанов.

Бұрын 400-500 келіге дейін, тіпті тоннаға дейін балық таситын балықшылар қазір тек күніне 30-40 келі балық әкеліп тапсырып жатыр. Су деңгейінің төмендеуі салдарынан балықшылар теңізге шыға алмай әлек. Енді бөлінген лимитті игере алмай қаупі бар. Биыл Жайық өзені бойынша 4200 тонна, ал Каспий теңізіне 7200 тонна лимит бөлінген. Бірақ игеру көрсеткіші көңіл көншітпейді. Қазір су айдынындағы 20-дан аса кооперативтің жұмысшылары орта есеппен алғанда берілген лимиттің тек 10% жуығын игерген.

- Балықшылардың айтуынша, су жоқ. Қайықты итеріп шығамыз. Теңізден ауланған балықтар – сазан, қойбалық, табан, - дейді Дамбы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Амангелді Ақтанов. 

Қазір Жайық бойы мен теңізде ау тартқан балықшылардың жағдайы мәз емес. Су маржандарын сүзіп, күнін көріп отырғандар үшін бұл мәселе бас ауруына айналған. Тереңдету жұмыстарын жедел жүргізу керек деп балықшылар дабыл қағып отыр.