Атыраулық азамат жұмыстан заңсыз шығарылғанын дәлелдеді

Апелляция жұмысқа қайта орналастыру және жалақы өндіру туралы сот шешімін өзгертті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы жұмысқа қайта орналастыру туралы бірінші саты сотының шешімін өзгертті.

Талап қоюшы Ж.Н. сотқа талап арызбен жүгініп, жауапкер жұмыс беруші ЖШС-нің еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жоюды, өзін бұрынғы жұмысына қайта орналастыруды, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы мен моральдық залал өтемақысын өндіруді сұраған.

Іс бойынша анықталғандай, тараптар арасында еңбек шарты жасақталып, соған сәйкес талап қоюшы бұрғылаушының көмекшісі ретінде жұмысқа қабылданған.

Кейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша Еңбек кодексінің 64-бабының 1-тармағының 4-тармақшасы және 52-бабының 1-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, жұмыскердің бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмауына байланысты жұмыс берушімен Ж.Н. арасындағы еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығарылған.

Талап қоюшы 2022 жылғы 10 қазанда жұмыс орнынан тыс жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған, бұл жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға негіз болды.

Атырау қалалық сотының шешімімен талап қоюшы Ж.Н.-ның ЖШС-не жұмыс берушінің бұйрығын заңсыз деп тану, өзін бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы мен моральдық залал өтемақысын өндіру туралы талап арызын қанағаттандырудан толық көлемде бас тартылды.

Апелляциялық алқада іс жұмыс берушінің бірінші саты соты шешімінің күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыруды сұраған шағымы бойынша қаралды.

Апелляциялық саты істің материалдарын зерделеп, талап қоюшының дәлелді себептермен жұмыста болмау фактісі істі апелляцияда қарау барысында зерттелген дәлелдермен расталады деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, 2022 жылғы 10 қазанда жұмыста болмауы басшылықпен толық келісілген. Сонымен қатар, іс материалдарында кәсіподақтың дәлелді пікірі болмаған.

Апелляциялық саты сот шешімін өзгертіп, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың күшін жойып, талап қоюшыны бұрынғы лауазымына қайта орналастырып, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы, моральдық залал мен сот шығындарын өндірді. Талап қоюшының апелляциялық шағымы ішінара қанағаттандырылды.