Атыраулық азамат құмар ойыннан қалай арылғанын айтты

33 жастағы Атырау қалалық оңалту орталығының директоры Асқар Амандықұлы бірнеше жыл бойы құмар ойынға тәуелді болып, өмірінің он бір жылын босқа өткізген.

Бүгінде ол сол қиын кезеңнен өтіп, өзгелерге тәуелділіктен арылуға көмектесіп жүр, деп хабарлайды AtyrauPress «Прикаспийская коммуна» газетіне сілтеме жасай отырып.

- Мен толық отбасында өстім, тұрмысымыз жақсы еді, ештеңеден тарыққан жоқпыз. Өстім, білім алдым, жұмыс істедім, үйлендім, балаларым дүниеге келді - бәрі де басқалар сияқты. Кейін иманға келіп, намаз оқи бастадым, жұбайымды да соған шақырдым. Кейде ойлаймын: мен неге 21 жасымда ойынға әуестеніп кеттім екен? Мүмкін, иманым әлсіз болды ма, әлде өмірде қуаныш жетіспеді ме екен, - дейді Асқар.

Оның айтуынша, он бір жыл бойы ойынға тәуелді өмірінде тек жамандық қана болған.
- Адамның басына түсер ең ауыр жағдайлардың бәрін бастан өткердім. Бақытым бар екен, тірімін, түрмеге түскен жоқпын. Өз тәжірибемнен айтарым: ойынқұмар адам өтірікші әрі арамзаға айналады. Ол үнемі біреуді алдап ақша табуды ойлайды, кез келген арсыздыққа баруға дайын болады. Мен сол уақытта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретінмін, - деп еске алады ол.

Қазір Асқар Амандықұлы құмар ойынның зардабын өз басынан өткерген адам ретінде өзгелерге көмек көрсетіп жүр. Оның өмірі - тәуелділіктен арылуға болатынын дәлелдейтін шынайы мысал. 

Алма ТҰРҒАНОВА