Атыраулық аналар марапатталды

8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай облыс экономикасы мен мәдениетіне үлес қосқан нәзік жандыларға арналған кеш өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
 
Мерекелік іс-шараға отыздан астам білім, денсаулық, саясат, мәдениет, БАҚ, мұнай, сауда саласының ардагер әйелдер қауымы қатысты.
 
- Ардақты аналар, әжелер, 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай өтіп жатырған кешке қош келдіңіздер! Құрметті ардагер нәзік жандылар, сіздердің көңілдеріңіз, мейірімдеріңіз, еңбектеріңіз елге үлгі. Сіздер тек отбасында аяулы ана, асыл жар ғана емес, қоғамда өз орындарыңызды тапқан жансыздар. Зор денсаулық пен әйел бақытын тілеймін,- деді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов.
 
Кеш барысында бірқатар ардагер әйел түрлі төсбелгі, алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтқанда, «Ардақты ана» алтын төсбелгісімен заң саласының ардагері Айсұлу Омарова, еңбек ардагері Тиыш Жақанова, «Атырау ардақтысы» алтын төсбелгісімен қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Мәдина Ғабдісәлімова, еңбек ардагері Дина Қалиева, білім саласының ардагері, Атырау қаласының Құрметті ардагері Сара Мұсағалиева марапатталды. Сонымен қатар «Тәлімгер» медалі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессторы София Сағындықова мен білім саласының ардагері, ҚР Білім саласының үздігі Баянсұлу Тыныбаева, «Мейірімді жүрек» медалі ардагер дәрігер, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Любовь Счастновская мен медицина саласының ардагері Людмила Нейман, «Хиуаз Доспанова» атындағы медаль ардагер журналист Регина Валишева мен ардагер ұстаз Майра Қожырақоваға табыс етілді. Сондай-ақ алты адамға облыс мәслихатының алғыс хаты, төрт адамға облыс әкімінің алғыс хаты берілді.
 
Өз кезегінде еңбек ардагері Дина Қалиева кештің жоғары деңгейде өткенін айта келіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, батасын берді.
Айта кетейік, іс-шара облыстық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілді.