Атыраулық алты дәрігерге қатысты сот үкімі шықты

Бұл туралы AtyrauPress  Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамай, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттері үшін айыпталған №2 Атырау облыстық ауруханасының алты дәрігеріне қатысты ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралды.

«2022 жылы 17 қаңтарда Атырау облыстық №2 ауруханасының мобильдік бөліміне түскен жүкті әйелден тестілеу нәтижесіне сәйкес симптомсыз «Covid-19» короновирустік инфекциясының белгілері анықталған. Сол күні босанып, босану бөлімінің палатасына шығарылған әйел денсаулығына шағым айтып, дәрігерлердің өзін қарауын талап еткен.  Алайда, сол күні кезекшілікте болған инфекционист дәрігерлер А. және Т., акушер-гинеколог А. өздерінің кәсіптік міндеттеріне немқұрайлы қарап, жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген.

Келесі күні таңертең жұмысқа келген жансақтау бөлімінің меңгерушісі Е., жансақтау бөлімінің реанимотологы С., аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы К. науқастың жағдайын анықтап, консилиум қорытындысы бойынша дәрігерлер оған жедел түрде ота жасау қажеттігі жөнінде шешім қабылдаған.  Ота жасалғаннан кейін науқастың жағдайы жақсармай, осыған байланысты қайтадан ота жасау қажеттігі туралы шешім қабылданған. Өкінішке қарай, екінші ота жасау кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлап, қайтыс болды», - деп жазылған баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушылар А., Т., А.-ның кінәлары жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сарапшының, маманның қорытындылары мен айғақтарымен, бейнежазбалармен өз дәлелін тапты. Ал қалған үш дәрігердің (Е.,С.,К.-нің) өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі дәлелін таппады.

Прокурор сотталушыларға 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұрады.

Сотталушылар А., Т., А.-ға 3 жыл мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айырумен, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.  Сотталушы азаматшалар Т. және А.-ға ҚК-тің 63-бабын қолдану арқылы жаза шартты түрде тағайындалды.

Жәбірленушінің моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.

Қалған 3 сотталушының (Е., С., К.) әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты ақталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: freepik.com