Атыраудан Алматыға спорттық жарысқа барып, кенеттен қаза болған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды AtyrauPress Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыға грэпплингтен халықаралық турнирге барған 6 жасар атыраулық спортшы көз жұмды. Ол бірнеше баламен бірге дүкенге кетіп, оқыстан қаза болған.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі құқық қорғау органдары 6 жасар атыраулық спортшының өліміне қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлады. Іс «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша қозғалып, тергелуде.
«2017 жылы туған ұл баланың өлімі негізінде Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 140 бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізілуде. Мән-жай анықталып жатыр», - делінген қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Ал Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл спорт клубының жекеменшік және денешынықтыру және спорт басқармасына ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтті. Алматыдағы жарысқа бару клубтың өз қаражатынан қаржыландырылған.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Фото: pixabay.com