Атырауға Жамбыл Жабаевтың жәдігерлері әкелінді

Алматы облысы Жамбыл Жабаев атындағы әдеби мемориалды музейінің «Ұлы жыраудың асыл мұрасы» тақырыбындағы жылжымалы көрмесі көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды Atpress.kz.

Жылжымалы көрменің салтанатты ашылу рәсімі  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылды. Жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың саусағының ізі қалған екі домбырасы, сапар кезінде киген тері сіңген шапаны, күміспен көмкерілген кісе белдігі, өзінің көптеген жеке құжаттары, кеудесіне жарқыратып таққан орден мен медальдары, тұрмыста қолданған жеке бұйымдары, кестелі портреті мен ақынның күйші Дина Нұрпейісовамен, балаларымен түскен суреттері Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің төрінен орын алды. Алатаудың баурайынан келген қонақтар бас-аяғы 80-нен астам жәдігер ала келіпті.

Жамбыл Жабаев атындағы әдеби мемориалды музейінің директоры, Жамбылдың немересі Салтанат Тезекбайқызы ақынның 3200-ден астам жәдігерін көзінің қарашығындай сақтап келе жатқанын алға тартты.

 -Жамбыл атамыздың бүкіл затын әкелу мүмкін емес. Бірақ соның ішінде өзіне тиесілі деген құнды заттарын жеткіздік. Сәкен Сейфуллин айтқандай, Жамбылдың шығармалары теңіздің түбінде жатқан маржан секілді. Оны қолға алып, халыққа тапсыру - міндетіміз.  Біз де сол кісінің шығармалары мен дүниелерін көзіміздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырмыз.  Былтыр ақынның 175 жылдығы аталып өтті. Ал биыл музейімізге 75 жыл толып отыр. Осы ретте былтыр жарық көрген Жамбыл Жабаевтың өмірі мен музейге қатысты 30 томдық кітабымызды Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырамыз, - деді Салтанат Жамбылова.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры міндетін атқарушы Динара Бейсенбаева Ақжайыққа жылжымалы көрмені әкелген әріптестеріне алғыс айтып, алғыс хатпен қатар музейдің 80 жылдығына орай шығарылған ғылыми каталогты сыйға тартты.

Айта кетейік, Жамбыл Жабаев атындағы әдеби мемориалды музейінің жылжымалы көрмесі 3 күнге созылады. Көрме өз жұмысын сағат 10.00.-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз жалғастырмақ.