Парламент Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен Атырау облысына келді, деп хабарлайды AtyrauPress облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар аясында облыстық әкімдікте арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі тақырыбында жиын өтті.
Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Трұмовтың төрағалығымен өткен жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Сенат депутаттары, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі мен Энергетика министрлігінің өкілдері қатысты.
Жиында арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі, жұмыспен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайы пысықталды.
- Арнайы экономикалық аймақтарды құрудағы басты мақсат - инвестиция тарту, бәсекеге қабілетті өндірісті дамыту, жаңа технологияларды меңгере отырып импортты алмастыру және тұрғындарды жұмыспен қамту. Бүгінде еліміз бойынша құрылған аймақтарда 300 ден аса кәсіпорын 21 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Аталған аймақтардың бәрін аралап, мәселелерді шешу жолында бірге жұмыс істейміз, деді С.Трұмов.