Атырауға Оңтүстік Кореядан автошеру қатысушылары келді

Автошеру Қазақстан және Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ATPress.kz.

Автошеру 4 маусымда басталды. Осы уақытқа дейін оған қатысушылар Еуропа елдері арқылы Астраханьға, одан Атырау қаласына жетіп отыр.  Бұл іс-шараның мақсаты – екіел арасындағы достықты одан әрі нығайту және көпшілікке насихаттау.

Келген қонақтардың құрамында делегация жетекшісі, «Culppy» мемлекеттік  емес қоғамдық қорының президенті, белгілі кәсіпкер, жазушы және жиһанкез Ли Ен Чжун, сондай-ақ жетекшінің орынбасары Хан Ми Ен, автошерудің көшбасшысы  Чо Енпиль және  автошеру көшбасшысының орынбасары,  этнограф  Пак Чжун Гон бар.

Кореялық қонақтар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар, автошеру қатысушыларын атыраулықтардың құшақ жая қарсы алғанын айтты.

- Біз жолға 7 көлікпен шықтық. Қатысушылар саны - 40 адам. Мақсатымыз – 41 мың шақырым жүріп өту. Мен Қазақстанда 8 рет болдым. Ал Атырауға екінші рет келуім. Бұдан бөлек, Семей және Алматы қалаларына да барғанмын. Бұл жолы да сәті түсіп, табан тіреп отырған жайым бар. Фотограф ретінде Қазақстан туралы көбірек мағлұмат беру мүмкіндігіне ие болдым, - деді Хан Ми Ен.

Сондай-ақ, автошеру қатысушылары  1937 жылы корей халқын Қазақстанға  депортациялау кезінде қол ұшын беріп, бір үзім нанды бөлісіп жеген қазақ халқына алғысын айтты.

Кореялық қонақтар бұл автошеруді келесі жылы да ұйымдастыруды жоспарлап, дәстүрлі шараға айналады деп отыр. Ал келесі жылы бұдан да көп құраммен келетінін тілге тиек етті.

Автошеру қатысушылары ертең Бейнеуге, одан соң Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне жол тартады. Мұнан соң Алматы мен Семей қалаларына да барып, әрі қарай Ресей арқылы отанына қарай бет алады.