Атырауға келген Ресей азаматтарының негізгі бөлігі басқа өңірлерге кетеді

Атырау облысына келетін Ресей Федерациясы азаматтарының саны артуына байланысты, облыс әкімі С.Шәпкеновтің тапсырмасымен Атырауда қалыптасқан жағдайға байланысты мәселелерді шешу және алдын алу бойынша жедел штаб құрылды.

Жедел штабты Атырау облысының жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғау басқармасының басшысы Есмұхан Қажкенов басқарады. Штабтың мәліметінше, 21-27 қыркүйек аралығында өңірге 10 479 адам келген. Көрсетілген мерзімнің ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін Ресей Федерациясының 2 219 азаматы жүгінген.

Шетелдік азамат Қазақстан аумағына келген кезде қабылдаушы тарап (Қазақстан азаматы), шетелдік азамат ел аумағына келгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметіне хабарлауға тиіс.

«21-27 қыркүйек аралығында Атырау тұрғындары көші-қон полициясына Ресейден 644 азаматтың келгені туралы хабарлады. Бұдан Ресей Федерациясының келген азаматтары үшін Атырау қаласы негізгі тұрақтап қалу аймағы емес және олардың негізгі бөлігі еліміздің өзге өңірлеріне баруды жоспарлап отыр», - деді жедел штаб басшысы Е. Қажкенов.

Сондай-ақ, жедел штаб Атырау қаласында жалға берілетін тұрғын үй бағаларына күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Жекелеген шағын аудандарда ғана бағаның өсуі байқалады, ол 30-50%-дан аспайды. Өңірде 109 Call орталығы жұмыс істеп тұр. Онда оператор-консультанттар Ресей Федерациясынан келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті ақпаратты ұсынады.

Фото ашық дереккөздерден алынды.