Қор соңғы бір айдың ішінде 170 миллион теңге жинап, 13 мұқтаж отбасына баспана сыйлаған.
Мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлап жүрген республикалық «Асар жолы» қайырымдылық қорының өкілдері бүгін Атырауға келді" деп хабарлайды ATPress.kz.
Оларды облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев салтанатпен күтіп алды. Сұлтан Бейбарыс орталық алаңында қонақтарға арнап этноауыл тігіліп, театрландырылған көрініс қойылды. Атыраудан шыққан қазақ батырлары Исатай мен Махамбетті сомдаған актерлар ортаға шықты.
Қойылым - қазақ халқында атадан балаға жалғасып келе жатқан «асар» салтының мән-маңызын түсіндіріп өтті.
"Асар" қоры қызмет көрсетіп келе жатқан үш жыл ішінде 460 отбасының үйлі болуына атсалысқан. Қор Президенті Асхат Нұрмышевтің айтуынша, Атырауға дейін олар жеті өңірді аралап келген.
– Атырау – біз келіп отырған сегізінші аймақ. Бір ай бұрын біз республикалық қайырымдылық турын бастаған едік. Бүгінде 3 мың шақырымнан астам жол жүріп өттік. Алдымызда әлі 17 мың шақырым жатыр. Біздің мақсат – басында баспанасы жоқ әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету. Сондай-ақ,түрлі қиындықтарға топ болған отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балаларды тиісті біліммен қамту, жұмыссыз азаматтарды қызметке орналастыру. Бір айдан аз уақыттың ішінде біз 170 миллион теңге жинап, 13 отбасына үй алып бердік, – дейді ол.
Айта кетейік, 16 тамыз күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында аталған қордың форумы өтеді. Ұйымдастырушылар қайырымдылыққа бей-жай қарамайтын тұрғындарды форумға қатысуға шақырып отыр.
Фото: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ