Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Қабылдауға 11 елдің Хорватия, Болгария, Португалия, Нидерланды Корольдігі, Эстония, Бельгия, Германия, Словакия, Франция, Испания, Австрия мемлекеттерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Франция елшілігінің экономика мәселелері жөніндегі атташесі қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Атырау облысының Еуропалық Одақ елдерімен арадағы дипломатиялық келісімдер қос тарапқа да жемісті болғанын айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған мәселелерді талқылады. Еуропалық Одақ - еліміздің басты экономикалық әрі сауда серіктестерінің бірі. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов мұндай сауда-экономикалық және инвестициялық қатынасты ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттарының бірі екенін айтып, делегация өкілдері ұсынған Атырау облысы үшін маңызды жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысында ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру саласын дамыту жөнінде берген тапсырмасын басты назарға ала отырып, оны жүзеге асыру үшін Еуроодақ елдерімен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Өңірімізде арнайы экономикалық аймақ құрылды. Мұнда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ болашақта полиэтилен және бутадиен өндірісін өркендетуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан өңір халқы үшін маңызды жобаларды қолдауға дайынмын, - деді С.Шәпкенов.