Атырауға жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Құлсарыға барды

Төтенше жағдайлар министрі Чингис Аринов жұмыс сапары аясында Құлсары қаласына барды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық ТЖД Қоғаммен байланыс тобына сілтеме жасап.

Министр Жылыой ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің және №9 Өрт сөндіру бөлімі ғимаратын аралап, материалдық-техникалық базасымен танысты.

Мұнан соң «Казавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Жем өзеніне және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына авэровизуалды шолу жасады.

Шара барысында ықтимал су тасу қаупі және қамыс өртінің алдын алу шаралары, жүйелі өртті сөндіру тәсілдері талқыланды.

Еске салайық, 16 наурызда төтенше жағдайлар министрі Чингис  Аринов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Сапардың негізгі мақсаты - аумақтық бөлімшелердің жұмысымен танысу, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын тексеру, проблемалық мәселелерді талқылау.

Алғашқы күні облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, облыстық ТЖ департаментінің бастығы полковник Нұрлан Жаңабаев қалалық өрт сөндіру бөлімдеріне барып, олардың материалдық жағдайымен танысты. Жедел-құтқару жасағының орталық базасында болып, кинологиялық есептоптарды, техника мен жабдықтарды қарап шықты.

Бұдан өзге, өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын қарастыру мақсатында Махамбет ауданында Жайық өзені бойында жүргізіліп жатқан жаға бекіту жұмыстарын қарады.

Кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, жаңа өрт сөндіру депосын салу, өрт сөндіру бөлімдерін материалдық-техникалық жарақтандыру және жөндеу мәселелері талқыланды.

Мира Нұртаева