Атырауда Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановпен әдеби кездесу өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, ақын кеш барысында жастарға туған өлкесі, балалық шағы, отбасы, өлеңге деген алғашқы қадамы туралы айтып берді. Сондай-ақ өмірдегі, өнердегі достары Ш.Қалдаяқов, Т.Айбергенов, Ш.Айтматов, Р.Гамзатовтар жайлы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ көрерменге жалынды жырларын оқыды.
Кездесудің мақсаты – Мұхтар Шахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып, жырларының құдіретін сезіну, тіл шұрайын таныту, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге баулу.
-Бүкіл өмірімде шындық үшін күресіп келген адаммын. 1988 жылы алпыс екі жылдан кейін Қазақстанға Наурыз мейрамын ашық тойлауға мүмкіндік жасадым. 1989 жылы Мәскеуде пленумда Желтоқсан шындығын жайып салдым. Қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдырдым. Мұның барлығын сендердің болашақтарың үшін жасадым,- деген М.Шаханов, әлемнің 210 мемлекетінен ғылым докторы, академик, профессор атақтарымен қатар 7797 сыйлық алғанын да айтып өтті.
Өз кезегінде Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің директоры Ләззат Дүйсенбаева «бұл кештен, көрермендер келелі ой түйіп, рухани байыса, мақсатымыздың орындалғаны» деп, ақынға алғысын білдіріп, ұймдастырушылар атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ ақын кеш соңында «шындығын жоғалтқан, шындығын медеу етпеген еркекті еркек деп, шындығын мүдде тұтпаған әйелді әйел деп есептемеймін. Сондықтан, жұлдыздарыңыз тек қана шындық биігінен жарқырасын. Өздеріңізден өрбіген ұрпақтың бәрі болашақта шыншыл болсын,- деп батасын берді М.Шаханов.
Жиын музыкалық спектакльмен аяқталды.
Айта кетейік, аталған іс-шара Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы және Д.Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен өткізілді.