Атыраудың төрт ауылында балалар лагері салынбақ

Жанбайдан балалар лагері неге салынбай қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Рас, өңірде туризмді дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Айталық, биыл балалар жылы аясында ақпараттық турлар мен практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Туристік нысандарға жол көрсеткіштері қойылып, цифрландыру бағытында QR-кодтар енгізілді. Бірақ, ең бастысы – қарапайым жол салынбаса, бұлардың бәрінен не пайда?

– Мойындаймыз, жолдың жоқтығы мен инфрақұрылым жүйесінің жүргізілмеуі туризм саласын тығырыққа тіреп тұр. Оның үстіне, туристік орындар қала мен аудан орталығынан шалғай орналасқан. Бірақ, туристік нысандар мен жол салуға бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекет есебінен жол салынатын еді, қазір бұл да жоқ. Сондықтан енді инфрақұрылым жүйесіне инвентаризация жұмысын жүргізіп жатырмыз. Яғни, қанша шақырым жол, қоқыс жәшігі, электр бағанасы, т.б. қажет, соны есептейміз. Содан кейін ғана ақша бөлу мәселесін көтеретін боламыз, - дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасындағылар.

Демек, қазір жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізбес бұрын оның тиімділігін таразылап алу керек болып тұр ғой. Сонда, егер ертең жол салу тиімсіз болып табылса, мәселе орнынан қозғалмайды деген сөз бе? Олай болса, жұмысты жеделдетіп, ақырғы нүктесін қойған жөн болар?! Әйтпесе, Исатай ауданында орналасқан Жанбай ауылындағы жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?

Олай дейтініміз, кезінде аталған ауылдан балалар лагері салынады делінген болатын. Бірақ, айтылған сөз аяқсыз қалды. Енді бұл жобаға жан бітіру үшін жаңадан жобалық-сметалық құжаттама жасақтау қажет. Себебі, бұрынғы бағалар қазір қымбаттап кетті. Ал, Атырауға балалар лагері ауадай қажет. Өйткені, Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» лагерінде тек науқас және аз қамтылған отбасы балалары ғана демалады. Әзірге алдағы уақытта төрт ауданда төрт лагер салынады деген жоспар барын білдік, енді оның орындалуын күтейік.