Атыраудың тағы бір асылы дүниеден өтті...

Қара өлеңнің қасиетін танытқан Нариман Үлкенбаевтай өнер иесінің аяулы жары, Айгүлдей күй жүйрігінің анасы Шолпан Қарақойшықызы бақилық сапарына аттанды...

Бар саналы ғұмырын медицина саласының дамуына арнаған тұғыры биік тұлға Шолпан Қарақойшықызының қазасы барша исатайлықтар үшін де ауыр тиді.

Шолпан Қарақойшықызы – 1937 жылы Зинеден ауылында дүниеге келген. Әкесі Қарақойшы қасиетті құм Нарынға аты жайылған аруақты сынықшы, қазір басына ел түнеп «әулие» деп қадірлеген кісі болған.

Шолпан анамыз 6 бірдей ұл мен қызға өмір сыйлап, өсіп өндірді. Немере мен шөбере сүйіп, ақ жаулықты әже атанған ​ ​ ардақты анамыз «Күміс алқа» медалінің иегері, «Медицина саласының үздігі» атағына ие болды. Күллі дүниеге​ мейірім әрі жылу шашумен өмірден өткен асыл ананың жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады.

– «Қазаның қайырын берсін» дей отыра, артында қалған ағайын-бауырларына, отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Елім деп еңсесін тіктеген, «айналайын» деп жас буынға аналық мейірімін төге білген аяулы жан, Шолпан Қарақойшықызының иманы жолдас, топырағы торқа болғай, - делінген әкімдік таратқан хабарламада.