21 Қыркүйек, 2022 239

Атыраудың ең алыс ауылында ветеринариялық зертхана бар

 Атыраудың ең алыс ауылында ветеринариялық зертхана бар

Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында жабылып қалған ветеринариялық зертхана қайта ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Зертхана ғимаратына биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, санитарлық талаптарға сай келтірілді. Жаңадан зертханашы мамандар, техникалық қызметкерлер жұмысқа қабылданды. Нысанға жоғары жылдамдықтағы интернет желісі тартылып, зертханашылар облыстық және республикалық орталықтардан арнайы оқу курстарынан өтіп, біліктіліктерін көтерді. Зертханаға қосымша құрал-жабдықтар мен препараттар жеткізіліп, заманауи үлгідегі технологиялармен жарақтандырылды.

Зертханада 10 ветеринарлық маман қызмет етуде. Мұнда адам мен жануардың жұқпалы ауруларын анықтау үшін серологиялық әдіспен диагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Әсіресе, төрт түлік мал арасында кездесетін аса қауіпті жұқпалы бруцеллез, құтыру және басқа да ауру түрлерін анықтап, алдын алуда бұл нысанның тигізер әсері зор. Айрықша атап кетерлік жайт, мұнда жұмыс жасайтын жас мамандар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылады. Оларға көтермелеу жәрдемақысы беріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Қажеттілігіне қарай өзге де көмектер көрсетіледі. Бұл мақсатқа жұмсалатын қаражат көлемі нақтыланып, толықтай шешімін тапты.

– Осылайша, көптеген жылдар бойы түйіні тарқатылмай келген толғақты мәселе оңынан шешілді. Мұның өзі аудан орталығынан шалғай Азғыр өңіріндегі Балқұдық, Сүйіндік, Асан ауылдық округтерінің тұрғындары үшін маңызды жаңалық екені сөзсіз. Ең бастысы, малдәрігерлік зертхананың іске қосылуы төрт түліктің арасында кездесетін түрлі аурулардың алдын алып, ветеринариялық қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуына мүмкіндік беретініне сенімдіміз, - дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах.

Айта кеткен жөн, 2003 жылы салынған ғимарат 2019 жылы «Сынама қабылдау пункті» болып ашылды.