Мұнайлы астанада ауыл әкімдері сайысқа түсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Үздік ауыл әкімі» байқауында алты үміткер бақ сынады. Оған бейнетаныстырылым немесе ауылды дамытуға бағытталған жоба ұсыну қажет болатын. Бірақ, қатысушылардың дені ауылда атқарылған жұмыстарды құр баяндап берумен ғана шектелді. Тек біреуі ғана қазылар алқасының назарына ілікті. Ол – Құрманғазы ауданына қарасты Бірлік ауылының әкімі Гүлжазира Әбенова.
– 2 мыңнан астам ауыл тұрғындарының жартысына жуығы төрт түлік түлетіп отыр. Сондықтан ауылшаруашылық кооперативін құруды қолға алып жатырмын. Сөйтіп, мал, құс, сондай-ақ, егін шаруашылығын да дамытқым келеді, -деген ол көп ұзамай көкөністерді консервілейтін цех ашуды да жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұған елдімекеннің аумақтық орналасуы да өте ыңғайлы екен. Оның үстіне, аталған ауылдың жері де шұрайлы, күні де шырайлы.
Сайыс қорытындысымен біз әңгімеге тартқан Гүлжазира Қайратқызы жеңіске жетті.
«Алдыңғы жылдан бері ауыл мен окург әкімдерінің жұмысына жіті назар аударылып келеді. Ауыл әкімін енді мәслихат емес, халықтың өзі сайлайды. Бұл да – Президент жүзеге асырып жатқан батыл бастамалардың бірі. Екіншіден, бюджет қаражаты да әр ауыл әкімдігінің өзіне тиіп жатыр. Мұның бәрі де ауылды дамыту, атқамінер азаматтарды ынталандыру үшін жасалып отыр» дейді еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аймақтық филиал басшысы Ерлан Ермахамбетов бізбен әңгімесінде.
Айта кетейік, аймақтық кезеңде жеңіске жеткен әкім кейін республикалық байқауда бақ сынайтын болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ