Атыраудың “Қамысқала” командасы ел чемпионы атанды

Футзалдан республикалық әуесқойлар лигасында Атырау облысының «Қамысқала» командасы чемпион атанып, тарихи жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Астанада өткен тартысты додада Исатай ауданы Хамит Ерғалиев ауылынан шыққан «Қамысқала» командасы финалда елордалық ұжымды жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.

Ақтық кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталып, жеңімпаз матч соңындағы пенальти сериясында анықталды. Шешуші сәтте атыраулық команда мықтылық танытып, жеңісті өз пайдасына жазды.

Бұл – ауыл жастары құрған команданың үлкен еңбегінің нәтижесі. «Қамысқала» командасы 2020 жылы құрылған. Команданың капитаны әрі негізін қалаушы — Айбол Бисенбаев.

Соңғы жылдары команда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда:
•    2025 жылғы Исэауданынчемпионы
•    2025 жылғы Атырау LLF чемпионы
•    2026 жылғы Атырау қаласчемпионатының қола жүлдегері.
Сонымен қатар команданың жасөспірімдер құрамасы да бар. 2012-2013 жылы туған жастардан құралған бұл команда облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерген.
Жеңістен кейін команда өкілдері қолдау білдірген азаматтарға алғыс білдірді.
— Осы чемпионатқа қатысуға қолдау көрсеткен Исатай ауданы әкімдігіне, аудан депутаттарына, Қамысқала шаруагерлері мен ауыл жастарын қолдау тобына, ауыл кәсіпкерлеріне және барша жанкүйерлерге шынайы алғысымызды білдіреміз, — дейді команда мүшелері.
Атырау намысын абыроймен қорғаған «Қамысқала» командасының бұл жетістігі – өңір спорты үшін үлкен жеңіс.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ