Атырауды түтін басты...

Түтіннің шығу себебін білмек болып төтенше жағдай департаментінен түсінік беруді сұрадық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"30 қаңтарда  әлеуметтік желілер арқылы Атырау қаласында түтін иісінің бар екендігі туралы ақпарат таралған болатын. Департаменттің жедел кезекшісі шұғыл түрде «Ақ Жайық»  мемлекеттік табиғи резерватына телефон арқылы хабарласып, «Ақ Жайық» резерватының аумағында ешқандай өрт оқиғасы тіркелмегендігін анықтады. 16:23 сағатта "Қазақстан Ғарыш Сапары" космо мониторингі арқылы қарау кезінде Атырау облысының аумағында ешқандай өрт ошақтары анықталған жоқ. Сондай-ақ, Атырау облысының барлық аудандарына хабарласқан кезде, аудан төңірегінде ешқандай жану ошақтарының жоқ екендігі анықталды. Қала аумағындағы ауылдық округтер аумағында да ешқандай жанулар жоқ екендігі нақтыланды. 30 қаңтар күні сағат 20:00-де күннің қараңғы түсуіне байланысты барлау жұмыстары тоқтатылды. 2023 жылғы 31 қаңтарда  Атырау облысы ТЖД  15  қызметкері мен  3 техникасы өрт ошақтарын анықтау мақсатында барлау жұмыстарын жүргізетін болады" дейді департамент мамандары.

Айта кетейік, 30 қаңтарда қала аумағында 6 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Өрт сөндірушілер барлық өрт ошақтарын уақытылы жойды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ