Атыраудың орталық көпірі қашан жөнделеді?

Қалалық әкімдіктен білгеніміздей, орталық көпірді күрделі жөндеу жұмыстары бойынша бас жобалаушымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жобалауға қатысты шешімдер осы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Содан соң ғана күрделі жөндеу басталмақ.  

Еске сала кетейік, салынғанына 60 жыл болған көпірге қатысты 2021 жылы өткен қалалық мәслихат сессиясында екі шешім ұсынылған болатын. Бірі – күрделі жөндеу, екіншісі – қайта жаңғырту. Нәтижесінде депутаттар бірауыздан 5 ай мерзіммен күрделі жөндеу жобасын мақұлдады. Себебі, қайтадан жаңа көпір салуға 35 ай кетер еді.

«2016 жылы қалалық ТКШ бөлімімен алты көпірге техникалық қызмет көрсету мақсатында «Трансинжиниринг.krg» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Соның негізінде орталық көпірдің техникалық жай-күйіне қанағаттанарлықсыз баға берілді» дейді қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев.

2018 жылы қалалық ТКШ бөлімі көпірді жөндеуге ЖСҚ жасақтауға ашық электрондық байқау жариялады. Оны 47 млн 155 мың теңгеге «Алматы Жоба» ЖШС ұтып алды. Бірақ, жөндеу жұмыстары ақыры басталмады.  

«2020 жылы көпір қайта техникалық тексеруден өтіп, нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарының құны 920 млн 488 мың теңгені құрады. Бірақ, 2021 жылдың 10 қаңтарында Атырау ЖЭО мамандары көпір астымен өтетін жылу жүйелерін тексеру барысында оларға қиылып кету қаупі төніп тұрғанын анықтады. Осылайша, көпірдің үстінде көлік қозғалысы тоқтатылды. Артынан «Тека-Проект» ЖШС-мен келісімшарт жасақталып, қайтадан техникалық тексеріс жүргізілді» дейді С.Нысанбаев.  

Күрделі жөндеуден кейін «мұнайлы астананың» айшықты нысанына айналған орталық көпірдің сырт келбеті қаншалықты өзгеретінін алдағы уақыт көрсетпек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Динара ҚАНБЕТОВА