Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгінгі күнге дейін мәдени-көпшілік шаралар мен демалыс орнына арналған Исатай-Махамбет алаңында қызмет көрсетіп келген кәсіпкерлердің генераторлары, ойын құрылғыларының майлары мен тағамдары салдарынан ластанып, тұрғындар тарапынан наразылық тудыртып келген. Осыған байланысты облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігі, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала жанашырлары кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілген болатын. Нәтижесінде аталған қоғам өкілдері мен әкімдіктің ұсынысына кәсіпкерлер түсіністік танытып, тазалыққа қолдау көрсетіп, Салтанат сарайына көшірілді.
Қазіргі таңда «Арнаулы автобаза» қызметкерлері алаңда тазалық жұмыстарын жүргізіп, гранит тастар мен төсемтастар тазалануда.
- «Арнаулы автобаза» қызметкерлері орталық мәдени алаңда тазалық жұмыстарын күшейтті. Осы уақытқа дейін алаңда тазалық жұмыстарын жүргізісек те кәсіпкерлердің салдарынан қайта ластанатын еді. Бүгін ластанған төсемтастардағы сағыздар мен генаторлар, ойын құрылғыларының майларын сүртіп, жуу жұмыстары жүргізілуде. Толық тазалау үшін 2 апта үстінде уақыт қажет. Сондықтан құрметті тұрғындар «Тазалық - тазаланған жерде емес, тазалық - ластамаған жерде»,- деген сөзді естен шығармай, ортаны ластамауға атсалысайық, деді «Арнаулы автобаза» оң жағалау басқарма басшысы Күлянда Ажигалиева.