Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы AtyrauPress тілшісіне биылғы Оразаның ерекшеліктері мен қасиеттерін айтып берді.
– Алдымен, қасиетті айдың мән-маңызына тоқталсаңыз...
– Рамазан – рухани кемелдену айы. Ол биыл 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.
Жалпы, мұсылман үмбеті өмір салтында қасиетті Құран мен сүннетті басшылыққа алады. Құранда ораза бұрынғы көне қауымдар үшін де міндеттелгені және ондағы мақсат тақуалық, яғни Жаратқанға бір табан жақындай түсу екені аталады. Құран Кәрімде («Бақара» сүресінің 183-аятында): «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» деген. Ойшылдар адам өмірге келгенде «Кіммін, не үшін келдім, қайда барамын» дегендей сұрақтарға жауап іздеу керектігін айтады. Мұсылман адам үшін өмірге келгеннен кейін Жаратушыны тану, ғаламды, тіршілікті жаратуындағы құдіретін ұғыну, соған тамсана отырып, құлшылығын орындау аса маңызды. Ендеше, саналы мұсылман Абайша айтқанда «Әуелден көптің қамын Тәңірі ойлаған», осы өмірге келмей тұрып тіршілік етуге барлық жағдайды жасап қойған Раббысын тануы тиіс. Мына ғаламды, ондағы құбылыстарды жаратуындағы құдіретін ғылымның әр саласымен зерттеп, зерделеп, соған тәнті болуы тиіс. Міне, осындай таным биігіне жетіп, Жаратушы таныған, пайғамбарына мойынсұнған жан ислам талаптарына бей-жай қарамайды.
Күнделікті бес уақыт намазын қаза етпей, жылына бір келетін Рамазан айында ауыз бекітеді. Бұл ай күнә, қате, кемшіліктерден тазарыну, руханиятқа көңіл бөліп, жаныңды нұрландыру тұрғысынан аса елеулі мүмкіндік береді.
– Оразаны кім ұстай алады, кім ұстай алмайды?
– Ораза балиғат жасына толған, сенімі мұсылман, ақыл-есі бүтін баршаға міндетті. Дегенмен, әлеуметтік топтың арасында әр түрлі жағдайдағы адамдар да кездесетіні белгілі. Құран Кәрімде: «Алла сендерге (әр нәрсенің) жеңілдігін қалайды, қиындықпен қинамайды», – делінген («Бақара» сүресі, 185-аят). Осы себепті дінімізде үзір жағдайларда қарастыралатын жеңілдіктер де жоқ емес.
Демек, белгілі бір себептермен ораза ұстай алмайтындар ол міндеттен босатылады. «Егер сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы. Біле-білгенге соның бәрінен ораза ұстаған артық» («Бақара» 184) деген аяттарда ораза ұстай алмайтындардың жағдайлары айтылған. Нақтырақ айтсақ, мына кісілердің ораза ұстамауына рұқсат етіледі: білікті мұсылман дәрігердің кеңесімен ауруы асқынуы мүмкін науқасқа, бұндай науқас кісілер мен сапарға шыққан жолаушылар кейіннен жағдай дұрысталған соң ораза ұстайды. Ағзасын жарақаттау, қатты ұру секілді қысымға тап болғандарға, жүктіліктегі не бала емізетін әйелдерге, өлімге не қатты ауруға себеп болатын қатты шөл, аштыққа тап болғандарға, ораза ұстауға дәрмені жетпейтін кәрі кісілерге, хайыз және нифас күйіндегі әйел кісілерге, (ол кісілер кейіннен қазасын өтейді), ауыр жұмыстағыларға, басқаның өміріне жауапты әрі зәру қызметтегілер (ұшқыш, дәрігер т.б.) немесе ауыр жұмыстағылар (кенші, металлург, қауіпті ғимаратта істейтін құрылысшы т.б.) мүмкіндік таппаса, оразасын кейінге қалдыра алады.
Жалпы алғанда оразаны бұзатын, бұзбайтын жағдайлар ғылымхал кітаптарында осыған дейін кеңінен түсіндіріліп келді. Вакцинацияға байланысты Мүфтият арнайы мәлімдеме таратқан болатын, онда сөздің түйіні ретінде былай делінді: «Екпе (вакцина) – бактерия, вирус секілді микроорганизмдерден алынып, адам организміне жұқпалы аурулардан алдын ала сақтану және олардың иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препарат. Ол қажетті азық немесе организмге қуат беретін дәрумен емес. Сондықтан, адам денесіне (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) инемен екпе егу оразаны бұзбайды». Демек, ораза кезінде вакцинация қабылдау керек болған азаматтарға вакцинацияның оразаны бұзбайтынын, оған бола алаңдамау керектігін тағы да ескертеміз.
– Ораза ұстаушылар нені ескеруі керек?
– Рас, жыл сайын дәстүрлі дінімізге деген бетбұрыс күшейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. «Ақиқатты ақиқаты ретінде қабылдап, сонымен жүруді нәсіп ете гөр» дегенді дұғаларымызда да айтамыз.
Әрине, балиғат жасына толғаннан бастап міндеттелетін дін талабын кейіннен түсініп келіп жатқан кісілерге ниет қабыл болсын дейміз. Бұл тұрғыда алғаш ораза ұстаушыларға берер кеңесім «Пендеге иман өзі ашады жол» деп Абай атамыз айтпақшы, дінді ұстану үшін сабырмен қатар білім де керек. Ол үшін осы бағыттағы арнаулы діни әдебиеттерді үнемі қарап, өзіне керекті мәліметтерді оқып, көңілге тоқи жүруі керек.
– Оразаның сауабы неде?
– Бұл, әрине, өз алдына бөлекше тақырып. Бір хадисте Алла Тағала «Ораза мен үшін ұсталады, оның сауабын да өзім беремін» деген. Жомарттығы шексіз Алла Тағала әрине ораза ұстаған құлдарын жақсы көретіні әрі оған сауапты да молынан берері еш күмәнсіз. Ақыретте де Жұмақтың Райян қақпасынан тек ораза ұстағандар шақырылатыны да тегін емес. Ғалымдар оразаның адамның денсаулығына пайдасын да өз алдына зерттеп, түсіндіруде. Бірақ, ең бастысы ораза ұстау Жараушының бұйрығы болғандығын түсіну бірінші кезекте тұруы тиіс.
– Биылғы пітір-садақа мөлшері қандай?
– ҚМДБ Төралқа мәжілісі мүшелерінің ортақ шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 640 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы басқа садақалар секілді мал мүліктен емес, әр кісінің жеке басына берілуімен ерекшеленеді. Ол әркімнің Жаратушыға деген зор шүкіршілігін білдіреді әрі кедейлерді қуанту үшін беріледі. Пітір садақа негізі өзінің талабында мына нәрселерден беріледі. Пiтiр садақаны бидаймен беретiн болсаңыз, әр адам үшiн – 1 келі 796 грамға тең. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Оны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Жалпы, пiтiрдi айт күнi айт намазына дейiн беру – мұстахаб. Пітір садақаның бар мәні осындай.
– Сұхбатыңызға рахмет!
– Оразаларыңыз қабыл болсын!
Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: автор, мешіт баспасөз қызметі
Орталық мешіттегі "Мұнара" телеарнасының Атырау облыстық филиалының студиясы:
Орталық мешіт жанына ашылған "Азан" радиосының редакциясы: